Қызылорда облысында бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Ұйымдасқан қылмыстық топ сондай-ақ есірткі саудасымен айналысты деген күдікке ілінді
Sputnik
ҚЫЗЫЛОРДА, 27 қазан – Sputnik. Қызылорда облысының прокуратурасы өңірде бопсалаушылардың ұсталғанын хабарлады.
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті арнайы жедел іздестіру шаралары барысында Қызылорда қаласында кәсіпкерлерден, қарапайым азаматтардан ақша мен мүлікті қорқытып тартып алумен және заңсыз есірткі саудасымен айналысты деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды", - деп атап өтті ведомство.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Алдын ала тергеу жалғасуда.
"Осыған байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ тарапынан жәбір көрген азаматтар, не кәсіпкерлер болса, ҰҚК-ның Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментіне хабарласуды сұраймыз", - дейді прокуратура қызметкерлері.
Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.