Дикий Арман мен Қайрат Құдайберген рақымшылыққа ілінбейді

Sputnik
АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Бүгін парламент қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы заңды қабылдады. Бірақ оған Дикий Арман мен Қайрат Құдайберген ілінбейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, қазіргі кезде 20 адамға қатысты тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ондай істер рақымшылыққа ілікпейді.

"Ұйымдастырушылар рақымшылыққа ілінбейді. Қаңтар оқиғасына қатысушыларға ғана амнистия жасалады. Ал Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман – Sputnik) тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар қатарына кіреді", - деді Шындалиев журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетері, бүгін сенат рақымшылық туралы заңды қабылдады. Оған сәйкес, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Атап айтқанда, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқарады.
Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады. Жалпы рақымшылық 1500-дей адамды қамтиды.
Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.
Сенат қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады