АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Құрлық әскерлері әскери институтының "Әли" оқу-жаттығу орталығы қамтамасыз ету ротасы жауынгерлік көлігінің командирі, 3-сыныпты сержант Рауан Абылхановтың есімі Қазақстанның Рекордтар кітабына енгізілді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметші ультрамарафонды сәтті аяқтады. Ол "Әли" оқу-жаттығу орталығынан Алматы облысының Шелек ауданы бағытында 350 шақырымды 47 сағат 23 минутта жүгіріп өтті.
Сержант Рауан Абылханов
© Photo : Сайт министерства обороны Казахстана
Марафоншыны мәре сызығында институт басшылығы, әріптестері, туыстары мен достары қарсы алды.
"Табандылық пен жеңіске деген ерік-жігердің арқасында 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов 47 сағат 23 минутта межелі қашықтықты жүгіріп өтіп, рекорд орнатты. Рауан өз мақсатына жетуде бар-күш жігерін аямаған нағыз жауынгер", – деді әскери институт бастығының бірінші орынбасары подполковник Жәнібек Сарғазин.
Рауан Әбілхановтың жеңіл атлетикамен айналысқанына он жылдан асыпты. Рекордсмен Алматыда және еліміздің Қарулы күштерінде өткен бірнеше марафондардың жеңімпазы.
Достары сыйлаған автокөлік
© Photo : Сайт министерства обороны Казахстана
"Бұл менің ғана емес, барлық әріптесімнің, туыстарымның, достарымның жеңісі. Олардың сенімі мен үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді салдым", – дейді 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов.
Марафоншының құрметіне өткен салтанатты жиында Қазақстан Рекордтар кітабының өкілдері оған тиісті сертификат табыс етті. Ал достары Kia Rio автокөлігін сыйға тартты.