АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы теріс бір түсініктен арылуға үндеді.
"Қазақта "Ел" сөзі "халық", сондай-ақ "мемлекет" деген мағына береді. Шын мәнінде, халық пен мемлекет бір-бірінен бөле-жарып қарауға келмейтін – егіз ұғымдар. Сондықтан, мемлекет дегеніміз бұл – ортақ құндылықтары бар халық деген сөз", - деді Тоқаев президенттікке кандидаттың республикалық штабында.
Осы орайда мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның басты құндылықтарын ерекше атап өтті. Олар - еліміздің тәуелсіздігі және жеріміздің тұтастығы.
"Сондай-ақ, халқымыздың терең тарихы мен салт-дәстүрі, жұртымыздың мызғымас бірлігі, отаншылдығы, еңбекқорлығы және отбасы құндылықтары. Біз мемлекеттік тілді одан әрі дамытып, оның қолдану аясын кеңейту үшін барлық жағдайды жасаймыз. Тілге байланысты ешқандай қысымға жол бермейміз", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетері, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде республикалық қоғамдық штабқа барып, сайлауалды бағдарламасын жариялады.