АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. 34 жастағы Денис Покотиленконың туыстары мен достары, еріктілер оның тірі екеніне үміттенеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
"VITA" іздеу жасағы мәлімдегендей, бейнебақылау камераларына жоғалған күні ер адамның үйіне келе жатқаны түсіп қалған.
"Оны камералардың көмегімен тауып алдық. Сосын оның қай уақытта шыққаны түсініксіз. Камераларды қарап жатырмыз, әзірге ештеңе жоқ", – дейді павлодарлық "VITA" жасағының жетекшісі Екатерина Кудрявцева.
Екібастұздық еріктілер ер адамды қайдан іздеу керектігін де білмей отыр. Олар тіпті Баянауылға да барып келген.
"Бүкіл жерден іздедік: гараждарды, саяжайларды қарап шықтық. Кинологпен де жүріп өттік. Өкінішке қарай, бұл ешқандай нәтиже бермеді", - деді іздеу координаторы Самал Дүйсенбаева.
Еске салсақ, ер адам 13 қазан күні баласын балабақшаға апарғаннан кейін жоғалып кетті.
Денис Покотиленконың бойы – 180-185 сантиметр, көзі қоңыр, шашы қара, дене бітімі орташа. Ер адамның сол қолында қара кеме түріндегі татуировкасы бар, оң жақ қасында кішкентай тыртық бар.