Қостанай облысындағы алапат өрт: зардап шеккендер жаңа үйге кірді – видео

Sputnik
АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Қостанай облысында орман өртінен кейін үйсіз қалған адамдарға жаңа баспананың кілті табысталды. Әрбір отбасы 100 шаршы метрлік коттеджде тұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Наша Газета" порталына сілтеме жасап.
Зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа шағын аудан тұрғызылды. Ол "Бірлік" деп аталды. Әрбір коттеджде төрт бөлме бар.
Осы орайда журналистер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін еске алды. Мемлекет басшысы әрбір үйге қажетті заттар – ас үй, ыдыс-аяқ пен теледидар қойылады деген. Ал әкімдік газ плитасын, тоңазытқыш және қол жуғышпен ғана шектелген. Газ тартылған. Бірақ әзірге жаңа үйде тұру мүмкін емес. Себебі жиһаз, ыдыс-аяқ пен теледидар жоқ. Залға тек кілем мен жастық жиынтығын ғана сыйлық ретінде қойыпты.
Қостанай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендер жаңа үйге кірді
"Біз үйді енді көріп жатырмыз. Алдында телефонмен ғана көрдік. Бізге ұнады. Екі ай бойы үй жалдап тұрғанбыз. Ақысын әкімдік төледі. Азық-түлікпен, киім-кешекпен де қамтамасыз етті. Міне, енді өз үйімізге кіріп отырмыз", - дейді жаңа ауданның тұрғыны Тамара Митрович.
Ауданға кіреберіс жерде шағын балалар алаңы жабдықталған. Полиция бекеті де салынды.
Айта кетері, Бірлік ауылына көшіп келгендердің басым бөлігі – Аманқарайдың тұрғындары. Өрт кезінде ол ауылдың барлық үйі жанып кетті.