АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дамуы жолындағы барлық кедергіден арылу қажет екенін мәлімдеді.
"Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын. Біз қастерлі тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсуге тиіспіз. Сондай-ақ, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы кедергінің бәрінен арылуымыз керек. Одан әрі даму үшін жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды", - деді президент Ақордада Республика күніне орай өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынғанын еске салды.
"Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті, мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын", - деді Тоқаев.
Ол мемлекет ауқымды конституциялық реформа жүргізіп, Қазақстанды түбегейлі қайта құруға кіріскенін атап өтті.