Қоғам

Президент "азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды" дейтіндерге жауап берді

Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанға тәуелсіздік кездейсоқ бұйырды" дейтіндерге жауап берді.
"Қазақта "Егемен болмай, ел болмас" деген терең мағыналы сөз бар. Кейде "Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады" деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі", - деп мәлімдеді Тоқаев Ақордада Республика күніне орай өтіп жатқан мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.
Президент "шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өткенін" атап өтті.
"Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді", - деді ол.
Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын, деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.
"Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады", - деді Тоқаев.
Жаңалықтар
0