АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қолданыс аясын арттыру жұмысы жалғаса беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді", - деді Тоқаев Ақордада Республика күніне орай өтіп жатқан мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.
Президент жуырда "Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін" деп айтқанын еске салды.
"Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды", - деп атап өтті ол.
Айтуынша, осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес, дейді Тоқаев.