АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Атырау-2 шағын ауданында болған атыстың салдарынан бір жігіт қаза тауып, екі бозбала оқ жарақатын алды. Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыс 21 қазанда таңғы бестің кезінде жасалған.
"Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына Атырау облыстық ауруханасына кеуде тұсынан оқ жарақатын алған 2001 жылы туған ер адамның мәйіті жеткізілгені, сондай-ақ 2004 және 2005 жылы туған екі адамның жарақат алғаны туралы хабарланды", - дейді полицияның баспасөз қызметі.
Аталған мекенжайға дереу жедел-тергеу тобы жіберілді.
Полицейлер Атырау-2 шағын ауданында жастардың арасындағы жанжал шығып, соңы атысқа ұласқанын анықтады. Қақтығысқа не себеп болғаны тергеу барысында белгілі болады.
"Қақтығысқа қатысы бар тұлғалар анықталды, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп толықтырды облыстық полиция.