АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Алматы полициясы Жетісу облысының тұрғынынан қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер қару-жарақ дүкеніне жасалған шабуылға қатысқан 26 жастағы жетісулықты ұстады. Күдіктіні ұстау операциясын Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен полицияның арнайы жасағы жүргізген.
Күдіктіден қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған тапанша табылды. Ал оның үйін тінту барысында осы тапаншаның қабы тәркіленді.
Сондай-ақ ұсталған ер адамның Жетісу облысы Қаратал ауданында тұратын әкесінің үйіне де тінту жүргізілді. Онда қабы бар 12 калибрлі ИЖ-26 тегіс ұңғылы мылтық, оптикалық көздеуіш, пышақ және тапанша түріндегі оттық табылды.
Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Іс Қылмыстық кодекстің 291-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.