Қарақат Әбден президенттікке кандидат ретінде тіркелді

Sputnik
АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбденді президенттікке кандидат ретінде тіркеді.
Оны "Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қарақат Әбден алдағы президент сайлауына тіркелген төртінші кандидат болды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов үміткердің құжаттары сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келетінін атап өтті.
10 қазанда Қарақат Әбден емтихан тапсырып, мемлекеттік тілді жетік меңгергенін растады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров оған кандидат ретінде тіркелгені туралы куәлікті табыс етті.
Бұған дейін ОСК Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен және Жигули Дайрабаевты ресми түрде тіркеген болатын.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.

Қарақат Әбденнің өмірбаяны

48 жастағы кандидат Ақмола облысында дүниеге келген. Мемлекеттік лауазымдарда қызмет етті. Соның ішінде салық комитетінің орталық аппаратында, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеді.
Қарақат Әбден – қоғам қайраткері, әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі. 4 баланың анасы балалар үйі мен нәрестелер үйінің қамқоршылық кеңесіне де кіреді. 15 тәлімгердің менторы.