Экономика

Жыл басынан бері 72 микроқаржы ұйымы мен ломбард лицензиядан айырылды

Sputnik
АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 10 айдың ішінде микроқаржы қызметін жүзеге асыратын 72 ұйымды лицензиясынан айырды.
Агенттік микроқаржыландыру нарығын талаптарға сай келмейтін және тұтынушылардың мүддесіне айтарлықтай қауіп төндіретін жауапсыз қатысушылардан тазарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп тұрады.
"Осыған байланысты агенттік жыл басынан бері микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 72 ұйымға, соның ішінде 18 микроқаржы ұйымына, 42 ломбардқа және 8 кредиттік серіктестікке қатысты микроқаржылық қызметке арналған лицензиядан айыру түрінде санкциялар қолданды", - деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.
Лицензиядан айыруға мыналар негіз болған:
10 микроқаржы ұйымы, 7 ломбард және 6 кредиттік серіктестік бойынша: лицензия алған күннен бастап қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде қызметті жүзеге асырмау;
1 микроқаржы ұйымы бойынша: уәкілетті органның жазбаша ұйғарымдарын жүйелі түрде орындамау;
1 микроқаржы ұйымы бойынша: қызметін заңдардың, уәкілетті органның, Ұлттық банктің нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарын жүйелі түрде бұза отырып жүзеге асыру, сондай-ақ заңнамалық түрде рұқсат етілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру;
6 микроқаржы ұйымы, 39 ломбард және 2 кредиттік серіктестік бойынша: қайта ұйымдастыруға немесе таратуға байланысты қызметті ерікті түрде тоқтату.
Сондай-ақ уәкілетті органның жазбаша ұйғарымын орындамағаны үшін "Ломбард Astana Gold" ЖШС лицензиясының қолданысы биыл 8 тамыздан бастап 3 айға тоқтатылды.
Агенттіктің мәліметінше, 50 АЕК-ке дейінгі қысқа мерзімді онлайн микрокредиттер сегментінде жоғары өсім байқалады. Осыған байланысты 10 ірі микроқаржы ұйымына қатысты тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Өйткені 50 АЕК-ке дейінгі онлайн микрокредиттер бойынша берешектің шамамен 80%-і соларға тиесілі.
Осы жылдың соңына дейін 6 микроқаржы ұйымында тексеріс аяқталады.