АЛМАТЫ, 17 қазан – Sputnik. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы 9 айда ел өңірлеріндегі жолдарға 10 мыңға жуық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5,1 мың олқылықты анықтады, деп хабарлайды ведомство.
Жол-құрылыс материалдарының 23 мыңнан астам үлгісі іріктеліп, сынақтан өткізілген. Нәтижесінде 5,6 мың материал сынамасы немесе 24%-ы нормативтік талаптарға сай емес екені анықталды.
Мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 миллиард теңгенің жұмысы қайта жасалды.
Сапа орталығы жауапсыз компанияларға қатысты облыстық мемлекттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 100-ден астам өтініш жолдаған. Нәтижесінде 18 жағдай бойынша техникалық қадағалау мамандарының аттестаты тоқтатылып, 2 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылды. Ал техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге 29 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.