АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Тараз қаласында қару-жарақ қоймасы табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 16 қазанда облыс орталығының аумағында "Калашников" маркалы автоматы, "ТОЗ-63" қос ұңғылы аңшылық мылтығы, "ИЖ-58" 16 калибрлі қос ұңғылы шолақ мылтық пен 5.45 калибрлі 90-нан астам патрон табылды.
Қазіргі кезде сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Айта кетері, бұған дейін облыстағы зираттан қару-жарақ салынған сөмке табылған болатын.
Жыл басынан бері облыс бойынша 605 атыс қаруы тәркіленді. Соның ішінде 376-сы ішкі істер органдарынан ұрланса, 229 бірлік өзге де қылмыстық қаруға жатады.
Барлығы 130 автомат, 219 түрлі тапанша (соның ішінде 60 ПМ), 7 граната атқыш, 1 пулемет, 58 мылтық және 190 тегіс ұңғылы мылтық, 154 граната және 22 990 оқ-дәрі тәркіленді.