Полиция Қазақстанда үш жыл бойы жасырынып жүрген шетелдікті ұшаққа отырғызып жіберді

Sputnik
АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Қостанай облысында үш жылдан астам уақыт бойы полициядан жасырынып жүрген шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, Нигерия азаматы көші-қон заңнамасын бұзған. Сол үшін соттың шешімімен елден шығуға міндеттелген. Алайда Қазақстанның түрлі қаласында тұрып, полициядан үш жылдан астам уақыт бойы жасырынып жүрген.
Осы жолы оның бас бостандығын шектеуге шешім шығарылды. Облыстық бюджеттің ақшасына "Алматы-Доха" бағытында ұшаққа билет сатып алынған. Ал полицейлер оны Алматы қаласының әуежайына апарып тастады. Ұшаққа қалай мінгенін де бақылап тұрды. Енді ол 5 жыл бойы Қазақстанға кіре алмайды.
Айта кетері, Қостанай облысында "Нелегал" жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. 4 күннің ішінде елден 11 шетелдік шығарылды. Облыста 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың барлығы ішкі істер органдарына шетелдіктердің тұрып жатқаны туралы мәлімет бермеген.