Саясат

Тоқаев "Орталық Азия – Ресей" саммиті жайлы: уақытылы ұсыныс деп санаймын

Sputnik
АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Астанада "Орталық Азия – Ресей" саммиті басталды. Шараны ашқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саммитті өткізу дер кезінде жасалған ұсыныс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Орталық Азия – Ресей диалог платформасын құруды Ресей президенті Владимир Путин ұсынғанын білесіздер. Қазіргі әлемдік дамудың күрделі жағдайында бұл ұсыныс уақытылы және мемлекеттеріміздің мүддесіне жауап береді деп санаймын", - деді Тоқаев Астанада өтіп жатқан саммитте.

Мемлекет басшысы қазір ең маңызды міндет тұрақтылықты сақтау, шекараның барлық периметрі бойынша қауіпсіздікті нығайту екенін атап өтті.
"Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, қарудың заңсыз айналымы мен есірткіге қарсы күрес, гибридті қауіп қатерге тосқауыл болу мәселелері алдыңғы қатарға шығады. Біздің бұл кездесуіміз келісілген тәсілдерді әзірлеуге бағытталған. Аталған саммит елдер арасындағы сауда экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ықпалын тигізеді деп ойлаймын", - деді Тоқаев.
Айта кетері, "Ресей – Орталық Азия" саммитінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданады деп күтілуде. Шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері қатысып жатыр.
Саммит барысында елдер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, ортақ сауда-экономикалық және басқа да мүдделерді қорғау мәселелері талқыланады.
Саясат
Лукашенко Астанаға жиналған ТМД президенттерін күлдіртті