АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. "Орталық Азия – Ресей" саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесіне назар аударды.
"Біріншісі – бұл қауіпсіздік. Тағдыр біздің елдерімізге бірге болуды жазған. Біз ортақ тарихымызды сақтап, халқымыздың игілігі жолында ортақ болашақ құруымыз керек. Әр мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік өңірдің дамуына тікелей әсер етеді", - деді Тоқаев саммитте.
Айтуынша, тұрақсыздыққа алып келетін факторлардың бірі – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі.
"Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс", - деп атап өтті президент.
Тоқаевтың пікірінше, шекараларды делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу және осы маңызды миссияға тәжірибелі сарапшыларды тарту үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады.