АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Әйелі мен қызына пышақпен тап берген мектеп директорының ісін Ақтөбе облысының прокуроры жеке бақылауына алды. Қадағалау органы елді елең еткізген оқиғаның жай-жапсарын бөлісті, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Іс материалдарына сәйкес, зардап шеккен әйел сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Тергеушілердің мәліметінше, ер адам отбасындағы жанжалдан кейін жүкті әйеліне пышақ ала жүгірген. Ол сегіз жасар өгей қызына да пышақ жарақатын салған. Әйел мен қыздың жағдайы тұрақты.
"Екеуі де жеңіл дене жарақатын алған. Ер адамға қатысты полицейлер 24-баптың 2-бөлігі – "Жүкті әйелді өлтіруге оқталу" және 99-баптың 2-бөлігі – "Кәмелетке толмаған адамды өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады", - деді Ақтөбе облысы прокуратурасы басқармасы басшысының орынбасары Темір Бекетов.
Ал әріптестері ер адам туралы тек жақсы пікір айтты. Ол осыдан жарты жыл бұрын мектеп директоры қызметіне тағайындалған. Оған дейін аудандық білім бөлімінде 10 жыл әдіскер болып, тіпті мемлекеттік қызметте де жұмыс істеген. Оқиғадан кейін ол мектеп директоры қызметінен бірден босатылды.