Түркістан облысында суға батып кеткен екі студенттің бірінің денесі табылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Түркістан облысында үш ай бұрын суға батып кеткен екі шетелдік студенттің бірінің денесі табылды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
2022 жылдың 26 маусымы күні сағат 20.10-да Түркістан облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне сағат 16.49-да Төле би ауданының Ханарық ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Ақсу шатқалындағы Ақсу өзенінде 2001 жылы туған 2 студенттің суға түсіп, батып кеткені туралы ақпарат түскен болатын. 21 студенттен құралған топ Шымкент қаласынан барған. Барлығы Үндістан Республикасының азаматтары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері.
"10 қазан күні сағат 13:15-те үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Ақсу өзенінен Ханарық ауылының солтүстік жағынан төмен қарай 1,5 шақырым жерде Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары бір адамның мәйітін тапты. Сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Табылған мәйіт Төлеби ауданындағы Ақсу өзеніне батып кеткен үндістандық екінші азамат болуы мүмкін", - дейді ведомство.
Су деңгейінің жоғары әрі ағыстың қатты, сондай-ақ тау беткейінің тік болуы салдарынан іздеу жұмыстары 3 айға дейін созылған. Өзеннің тереңдігі 14 метрге дейін жетеді. Құтқарушылар мәйітті өзендегі тастардың арасынан тапқан. Қалған бір адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осындай оқиға шілде айында Қапшағай су қоймасында болған. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің үндістандық студенттері демалуға барған. Қауіпсіздік шараларын сақтамаған жастардың бірі суға батып көз жұмды.
Үндістандық екі студент Қазақстанның оңтүстігінде суға батып кетті