АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясына Салтанат Тұрсынбекованың "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат болып ұсынылғаны туралы құжаттар ұсынылды.
Салтанат Тұрсынбекова 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынған 10-шы үміткер болды.
Ол екінші әйел кандидат. Бұған дейін Қарақат Әбден ОСК-ға құжат тапсырды.
Салтанат Тұрсынбекова – Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі. Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі болды, отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысқан.
Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну 11 қазан күні сағат 18.00-де аяқталды. Ертең екінші кезең – қол жинау және кандидаттарды тексеру басталады. Ол 21 қазанға дейін жалғасады. Кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.