АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасына балама ретінде жаңа ипотекалық бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір "7-20-25" орнына жаңа ипотекалық бағдарлама әзірленіп жатыр. Жақында презентациясы өтеді. Оның шарттары заң жобасы аясында қаралуда.
"Ең бастысы, алғашқы жарна және қолжетімді ставка болуы керек. Қолдан келсе, біз бүкіл халық үшін мөлшерлемені 7 проценттен асырмаймыз", - деді Өскенбаев үкімет кулуарында.
Бұған дейін 2022 жылдың соңында "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы аяқталуы мүмкін екені хабарланған болатын. Өйткені бағдарламаны қаржыландыруға тартылған 1 трлн теңге аяқталуға жақын. 2022 жылғы 29 қыркүйектегі жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасын іске асыру аясында 701,5 млрд теңгеге 54 мың қарыз берілді.