Қырғызстан президенті Өзбекстанмен шекара жөніндегі келісімді ашық қарастыруды тапсырды

Жапаровтың тапсырмасы бойынша Қырғызстан парламенті Өзбекстанмен шекараны делимитациялау туралы келісімді ашық режимде қарастырады
Sputnik
АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында Өзбекстанмен арадағы шекара туралы келісімді парламентте ашық режимде қарауды тапсырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
"Бүгін мен бұл мәселені ертең комитетте жабық режимде емес, ашық түрде қарауды тапсырдым. Халық көрсін, білсін", - деді Жапаров.
Оның айтуынша, мемлекет пен халықтың тағдырын тек Өзгенмен байланыстырудың қажеті жоқ және аудан деңгейінен жоғары болуды ұсынды.
"Ел ішіндегі екі аудан мәселесін шешіп жатсақ мейлі екен. Біз Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстарындағы 1 400 километрге созылып жатқан шекара мәселесін толығымен шешіп, Өзбекстанмен шекара мәселесіне біржола нүкте қоямыз. Екі елдің шекарасы мәселесі мұрағат құжаттары негізінде шешіледі. Бұл көшеде жиналып, анау айтты, мынау айтты деген сөздерге негізделіп шешілетін мәселе емес. Екі елдің де КСРО кезіндегі карталары, келісімдер, актілер бар", - деп атап өтті ол.
Бұған дейін Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров Өзбекстанмен мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселесі бейбіт жолмен шешілгенін мәлімдеді.