АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Қазіргі уақытта қазақстандық "Қарасу" өткізу бекетінде жүк көліктерінің кептелісі жоқ, бекет жұмысы қалыпты режимде жүріп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ведомствода хабарлағандай, жүк көліктерінің уақытша тұралап қалуы Қырғызстанға Ресейден транзитпен өтетін көліктердің бір мезгілде көптеп келуіне байланысты болды.
"22 қыркүйектен бастап Қазақстан – Ресей шекарасында Ресей азаматтарының легі артты. Сондықтан, ресейлік азаматтар шекарадан бірінші кезекте өткізілді. Ресейден Қазақстан аумағына жүк көліктерінің кіруіне Ресей шекара қызметі уақытша шектеу қойды", - деп жазылған хабарламада.
Ресей азаматтарының ағыны азайғаннан кейін жүк көліктері Ресейден Қазақстан мен Қырғызстан бағытында бір уақытта өткізіле бастады.
Комитет мәлімдемесіне сәйкес, осы себепті "Қарасу" өткізу бекетіне жүк көліктерінің бір мезгілде келуі тіркелген. Қазіргі уақытта Қазақстанның шекара қызметі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің экспорттық бақылау қызметі қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.