АСТАНА, 5 қазан-Sputnik. Биылғы жол құрылысы маусымы аясында республикалық маңызы бар жолдарға 3 млн тоннадан астам асфальтбетон жабыны төселді, деп хабарлайды Қазавтожол.
Сонымен қатар 18 көпір, 6 мал өткелі, 325 су өткізгіш құбыр салынды, деп хабарлайды ведомоство.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары "Қарағанды-Балқаш-Алматы", “Меркі-Бұрылбайтал”, "Талдықорған-Қалбатау-Өскемен", "Қалбатау-Майқапшағай", "Атырау-Астрахань", "Ақтөбе-Қандыағаш", "Өнеге-Бисен-Сайхин" және т. б. күре жолдарда жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда 200-ге жуық учаске құрылыс жұмыстарымен қамтылып отыр. Жалпы республикалық маңызы бар 7 мың шақырымға жуық жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 4 мың шақырым күре жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, қалған 3 мың шақырым тас жолда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жол құрылысына 7 мыңнан астам маман мен 5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Жол құрылысы маусымы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр.