Ақтауда полицейлер мысықтың басына секірген ер адамды іздестіріп жатыр

Sputnik
АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Полицейлер жануарға қатысты қатыгездік таныту фактісін тексеріп жатыр. Қазір тәртіп сақшылары мысықтың басына секірген ер адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлады "Лада" басылымы.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факті қалалық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Қылмыстық кодексінің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша тіркелгенін хабарлады. Күдіктіні анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін желіде жануарға жасалған қатыгездік бейнеленген видео тарады. Бақылау камерасынан ер адамның марғаудың басына секіріп, әрі қарай кетіп қалғанын көруге болады. Ал мысықтың денесі құрысып, дірілдей бастаған.
Қазір мысықты волонтерлар бақылауға алған. Жануарларды қорғаушылар мысықтың басын рентгенге түсірді.
"Соққының бар күші басына түскен. Сондықтан мойын аймағына зақым келген секілді. Қарағандыдағы ең білікті ветеринардан жауап күтемін. Ол терапияны жалғастыруға қатысты ұсыныстар береді. Шын мәнінде, марғау үшін үш күн ең қиын кезең болады: ол өледі немесе тірі қалады. Мен мысықтың аман қалуы үшін бәрін жасаймын", - деді жануарларды қорғаушы.
Белгілі адвокат жылқыны басқан азаматты жүргізуші куәлігінен айыруды талап етті