АСТАНА, 4 қазан - Sputnik. Қазақстанның жолдарында жыл сайын 13 мыңнан астам жол апаты болады. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Polisia.kz.
Оның айтуынша, жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астамы жарақат алады.
Министр еліміздегі жол апаттарының жартысынан астамы төрт өңірді болатынын атап өтті: олар – Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары.
"Барлық жол апатының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%–ы дәл осы өңірлерде тіркелген", – деді Марат Ахметжанов.
Осы жылдың сегіз айында жол апаты 14%-ға (8 307-ден 9 429-ға дейін), қаза тапқандар 18%-ға (1 258-ден 1 478-ге дейін), жарақат алғандар 13%-ға (10 947-ден 12 394-ке дейін) өскен.