АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. "Көлсай" ұлттық саябағының аумағында гидті соққыға жыққаны үшін айыпталған әнші Төреғали Төреәлі кепілдікпен босатылады.
Ақпаратты Алматы облысы Кеген аудандық сотының баспасөз қызметі растады.
"Кеген ауданы сотының қаулысымен Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша күдікке ілінген Төреғали Әлиханов 10 миллион теңге кепілдікпен тергеу изоляторынан босатылады", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының полициясы әнші Төреғали Төреәлінің гидті ұрып-соққаны туралы интернетте жарияланған жазбадан кейін іс қозғады.
Оқиға 28 қыркүйекте "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағында болған, деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
"Құқық бұзушылық Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркелді. Қазақстан заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптама жүргізіліп, оқиғаның шынайы мән-жайы анықталады", - деп хабарлады полиция.
Қылмыстық істің тергелу барысы мен нәтижесі Алматы облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған видеоның авторы әншінің гидті ұрып-соққанын айтқан болатын.