Президент Қытайға апаратын теміржол құрылысы туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісі міндетті түрде салынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады", - деді Тоқаев Абай облысына жасаған сапары кезінде.
Президенттің айтуынша, өңірде "құрғақ порт", "логистикалық парк" салып, көлік дәлізін дамыту қажет.
"Халықаралық маңызы бар күрежол Семей арқылы өтеді. Сондықтан ең алдымен қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын", - деп атап өтті Тоқаев.
Айта кетері, Бақты арқылы өтетін теміржол бойынша бірнеше рет келіссөздер жүргізілді. Оған сәйкес, Қытай өз жағында, ал Қазақстан өз жерінде теміржол салады. Атап айтқанда, Аягөзден Бақтыға дейін 270 шақырым салынады, арғы жағында Қытайдағы Чугучакпен жалғасып кете береді. 2017 жылы жобаны зерделеуге арналған меморандум да рәсімделген болатын.
Халықаралық магистраль Қытайдың солтүстік-шығысын, Қазақстан, Ресей және Еуропамен байланыстырады. Жобаны іске асырудың арқасында жолаушылар мен жүк тасымалы айтарлықтай ұлғаяды.
Қоғам
Шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес – Тоқаев