Қоғам

Шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес – Тоқаев

© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанТоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесті
Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесті - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды әлемдегі күрделі ахуал кезінде бүкіл ұлт болып ұйысуға шақырды, деп хабарлайды Ақорда.
"Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Әлемдегі ахуал аса күрделі болып кетті. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек", - деді президент Абай облысының жұртшылығымен кездесуінде.
Айтуынша, әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс. Жасаған әрбір ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет.
"Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз. Міне, біз елге қатер төндіретін осындай теріс үрдістердің де бар екенін ұмытпауымыз керек", - деп мәлімдеді президент.
Мемлекет басшысы қазір қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатқанына қапаланды. Айтуынша, бұл – өте қауіпті.
"Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық, енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер. Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ұлы ойшылдың "Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деген өсиетін ұмытпайық, ағайын!", - деді Тоқаев.
Президент ең басты мақсат – мемлекеттің мүддесі екенін тағы бір мәрте атап өтті.
Осы орайда ол өңірлерді дамытуға мемлекет қана емес, бизнес өкілдері де атсалысуы қажет екенін айтты. Сол себепті Тоқаев Семейден шыққан іскер азаматтарды Абай облысын бірге көркейтуге шақырды.
Жаңалықтар
0