АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда желтоқсан айындағы демалыс күндердің саны қысқарды.
Нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңның жаңа редакциясы жарияланды.
Оған сәйкес, енді қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін тек 16 желтоқсанда атап өтеді. Сәйкесінше, сол күні демалады. Ал 17 желтоқсан – жұмыс күні.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күні "ұлттық мереке" деген мәртебесінен айырылды. Бұдан былай ол мемлекеттік мереке саналады.
Бұған дейін заң бойынша Тәуелсіздік күні 16 және 17 желтоқсан аталып өтетін.
Сонымен қатар осы заңда 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Енді бұл күні демалыс болмайды.
Бұдан бөлек, күнтізбеге 25 қазанда тойланатын ұлттық мейрам – Республика күні еніп отыр.
Айта кетері, биыл ел халқы Республика күніне орай қатарынан үш күн – 23, 24 және 25 қазан демалады. Ал сенбі, 22 қазан жұмыс істейді.
Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.