Екібастұз тұрғыны 23 жыл бұрын кісі өлтіргені үшін сотталды

Қылмыскер жанжал кезінде танысын атып өлтіріп, осы уақыт бойы Қазақстаннан тыс жерде жасырынып жүрген
Sputnik
ПАВЛОДАР, 29 қыркүйек – Sputnik. Кеше Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен 23 жыл бұрын адам өлтіру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
1999 жылы 4 сәуір күні кешке Екібастұзда екі қала тұрғыны арасында ақшаға байланысты жанжал шыққан. Он тоғыз жастағы жігіт спорттық-аңшылық винтовкамен қарсыласының басынан атқан. Жәбірленуші көз жұмды.
Осыдан кейін қылмыскер Қазақстаннан қашып, Дағыстанда ұзақ уақыт жасырынған. Алайда 2021 жылы сол жерде ұсталып, Павлодарға экстрадицияланды. Ол өткен жылдың 3 ақпанынан бері қамауда отыр.
Қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 96-бабы "з" тармағы 2-бөлігі (1997 жылдың 16 шілдесіндегі редакцияда) бойынша қайта қозғалды.
Сот үкімімен 42 жастағы сотталушы 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар одан жәбірленуші – марқұмның әйелінің пайдасына 8 миллион теңге моральдық шығын өндірілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.