АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Осындай аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент жұртшылығымен кездесуде.
"Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз", - деді ол.
Президенттің сөзінше, біздің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болады.
"Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін", - деді Тоқаев.