Қырғызстан мен Тәжікстан қақтығыс орындарындағы шекара бекеттерін алып тастауға келісті

Қақтығыс ошағы болған бекеттерді жауып, олардың аумағынан әскерилерді және бейбіт тұрғындарды әкету жоспарланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Қырғызстан мен Тәжікстанның арнайы қызмет басшылары қақтығыстарды тоқтату туралы хаттамаға қол қойды, деп хабарлады жексенбі күні Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев.
"Тәжік тарапымен қақтығысты тоқтату және қақтығыстың салдары туралы хаттамаға қол қойылды. Құжаттың барлық тармағы орындалады деп үміттенемін", - деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы.
Оның айтуынша, қақтығыс кезінде көшірілген шекаралық ауылдардың тұрғындары үйіне қайтады.
"Бүгіннен бастап шекарада тыныштық орнайды", - деді Ташиев.
Сонымен қатар келісім аясында қақтығыс жиі болатын орындардағы 8 шекара бекеті – қырғыз тарапынан Тамдық, Бұлақ-Башы, Катта Тұз және Дача пункттері, Тәжікстан тарапынан Бидок, Кег, Кара Чикум және Шаршене шекаралық бекеттері алынып тасталуға тиіс.
Бұл пункттерде әскерилер де, бейбіт тұрғындар да болмайды, деп атап өтті Ташиев.
Оның айтуынша, келіссөздер барысында тараптар қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмыстарын жеделдету туралы келісті.