Головкинмен жекпе-жекке шығуға міндетті қарсыласы бекітілді

Sputnik
АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) өзінің орта салмақтағы "супер чемпионы" Геннадий Головкинге (42-2-1, 37 КО) міндетті үміткермен, осы санаттағы "қарапайым" белдіктің иесі кубалық Эрисланди Ларамен (29-3-3, 17 КО) жекпе-жек тағайындау туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Sports.kz.
Қос тараптың келіссөзіне 2022 жылдың 23 қыркүйегінен 23 қазанына дейін уақыт берілді. Головкин - Лара жекпе-жегі орта дивизиондағы жалғыз WBA әлем чемпионын анықтайтын болады.
Бұған дейін WBA Головкинге екінші орта салмаққа өтіп, Сауль "Канело" Альвареспен осы санаттағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін таласуға арнайы рұқсат берген еді. Алайда ол орта салмаққа қайта оралып, Ларамен кездесуге тиіс деген ұйғарым шығарылды.
GGG — "Канело" III жекпе-жегі 18 қыркүйекте өткенін еске саламыз. Төрешілердің шешімімен жекпе-жек мексикалықтың жеңісімен аяқталды.
Командалар келісімге келе алмаса немесе тараптардың бірі бас тартса, жекпе-жек Головкиннің пайдасына 75 процент және Лараның пайдасына 25 проценттік үлеспен аукционға қойылады.