Қайрат Сатыбалдының ісі: прокурор айыпталушыны 6 жылға қамауды сұрады

Sputnik
АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Прокурор айыпталушыны 6 жылға қамауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сондай-ақ, прокурор Жангелді Есебаев Сатыбалдыны ұлттық қауіпсіздік органдарының "генерал-майор" шенінен, "Құрмет" пен "Парасат" ордендерінен айыру қажет деп санайды. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырса, Қайрат Сатыбалдыға белгілі бір лауазымдарды 10 жыл атқаруға да тыйым салынады.
Бұған дейін Қайрат Сатыбалдының "Көлік қызметі орталығы" компаниясына 28 млрд теңгені, "Қазақтелеком" компаниясына 12 млрд теңгені өтеп бергені туралы айтылды. Сондай-ақ, айыпталушы медиативті келісім жасаған. Алайда көлік қызметі орталығы өз келісімін кері қайтарған болатын. Бүгін компания жаңа медиативті келісімін ұсынды.
Айыпталушы Қайрат Сатыбалды өз кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпталып отыр. Ертең, 23 қыркүйекті соттың шешімі шығарылады.
Айта кетері, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны айтылған еді. 24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ және "Көлік сервисі орталығы" АҚ-ның қаржысын ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тергеу кезінде айыпталушылардың 240 миллиард теңгеден (500 миллион доллар) астам заңсыз активтері мен қаржысы мемлекетке қайтарылған болатын.
Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.