АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын", - делінген жарлықта.
Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, биыл 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Президент сайлауға баруға дайын екенін айтты.
Айта кетері, Конституцияға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, Қазақстан президенті жеті жылға және бір мерзімге сайланады. Тиісті заңды таяуда парламент қабылдап, Тоқаев қол қойды.