АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Өскеменде үйдің ауласында марихуана шегіп отырған жас жігіт "Сергек" камерасына түсіп қалды. Оқиға орнына бірден патруль жетті, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
21 жастағы қала тұрғыны түнгі уақытқа қарамастан, бейнежазбаға анық жазылған. Пластикалық бөтелке арқылы марихуана шегіп отырған. Ал полицейлерді байқағаннан кейін бәрін тастай салған.
Тәртіп сақшылары оны бірден сараптамаға апарды. Мамандар жас жігіттің каннабиноидтарды қолданудан масаң күйде болғанын растады. Полицейлер фольгасы бар пластикалық бөтелке мен спецификалық иісі бар қоңыр-жасыл түсті өсімдік заты салынған бір қағаз ораманы да тәркілеген. Ол марихуана болып шықты. Салмағы - 1,51 грамм.
Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі ("Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін 160 айлық есептік көрсеткішке (508 800 теңге) дейінгі айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту қарастырылған. 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы да қолданылуы мүмкін.