АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. "Яндекс Такси.Корп" ЖШС бағаны негізсіз көтергені үшін айыпталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тексерісті бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Шағымдар Алматы қаласында түскен. Жыл басынан бері "Яндекс.Таксидің" қызметтеріне жоғары баға қою мәселелері бойынша 6 арыз түскен. Осыған байланысты жергілікті департамент монополиялық жоғары бағаны белгілеу бойынша тексеріс шараларын бастап кетті.
"Ал Кәсіпкерлік кодекстің 175-бабы, 1-тармағына сәйкес, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер бұл баға осындай тауарды өндіру және өткізу үшін қажетті шығыстар мен пайда сомасынан және тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағадан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып есептеледі", - дейді департамент мамандары.
Тексерістің нәтижелері бойынша қосымша ақпарат таратылады. Айта кетері, биыл қаңтар айында сол кездегі бәсекелесті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин қазақстандықтардың шағымы бойынша "Яндекс.Такси" тексеріліп жатқанын мәлімдеген болатын.