АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Талдықорғанда көз жұмған бала тәулік бойы күтушінің қарауында болған. Анасы қызмет ақысын төлемегесін балаларын алып кете алмаған, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Бұған дейін тараған ақпаратқа сәйкес, анасы есінен танып қалған баласын күтушіден алып кеткен. Оны дереу ауруханаға апарған. Бірақ 3 жасар ұл қайтыс боды. Денесінде көптеген жарақат анықталды, оны бастан қатты ұрған.
Қайтыс болған бала бір жасар інісімен бірге күтушінің үйінде болған. Ол жерде балаларға тәулік бойы қараған. Анасы баспана болмағасын екі баласын да қалдырып кеткен. Өзі бірнеше жерде жұмыс істеген. Ал күтушіге қарыз болып қалған. Сондықтан күтуші оған екі баласын бермей қойған.
"Қарлығаш маған звондады. Біраз ақша қарызсың деді. Әзірге ақша болмай жатыр дедім. Қолхат жазып, екі баламды алайыншы деп сұрадым. Сағынып жүрмін көргім келіп жүр дедім. Жоқ, мен ешкімге сенбеймін, қарызды өтегенше бере алмаймын деді", – дейді Мәдина Таукенова.
Ал 12 қыркүйекте күтуші өзі қоңырау шалып, баланы алып кетуді өтінген. Бала ауырып қалғанын айтқан.
"Бірақ Дэвидтің денесінде сау жер болмады. Күтуші жуынатын бөлмеде құлап қалды деді", - деп атап көрсетті бүлдіршіннің анасы.
Баланың өліміне қатысы бар деген күдікпен балаға қараған 23 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бірақ кейін соттың шешімімен үйқамаққа ауыстырылды.
Қазіргі кезде прокурорлар наразылық білдіріп, күдіктіні қамауға алуды сұрап отыр. Облыстық сот өз шешімін шығаруға тиіс.
Айта кетері, полиция Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, байсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер") бойынша тергеу жүріп жатыр.
Осы қылмыс үшін сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.