Өңірлер

Алматыда концертке келген көрермендер 94 мың гүлді таптап кеткен

Sputnik
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Қала күніне арналған Gakku Дауысы концертінің көрермендері 94 мыңға жуық гүлді таптап кетті, деп хабарлайды Алматы әкімдігі.
Шығын сомасы 13 млн теңгеден асқан – біржылдық, көпжылдық бұталар мен гүлдер, оның ішінде қаланың жақын маңдағы гүлзарындағы раушандар жойылды.
Барлығы 94 мыңға жуық гүл тапталған, соның ішінде 913 шаршы метр – біржылдық өсімдіктер, 326 шаршы метр – көпжылдық өсімдіктер. 117 шаршы метр – раушан гүлдер.
Алмалы ауданы әкімдігінің мәліметінше, 13 орындық, 1 жарық бағанасы, гранит урнасы мен екі камера қираған.
"Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі еліміздің мәдени орталығы саналатын мегаполистің тұрғындары мен қонақтарынан жасыл желектерге және гүлдерге ұқыпты қарауды, сондай-ақ қаланы абаттандыру және көгалдандырумен айналысатын қызметкерлердің еңбегін құрметтеуді сұрайды", - деп мәлімдеді әкімдік.
Келтірілген залал қала әкімдігінің күшімен қалпына келтіріледі – жаңа өсімдіктер қысқа мерзімде отырғызылады.
Күн сайын қала аумағын суару мен көгалдандыру жұмыстарына 300-ге жуық маман мен 80-нен аса арнайы техника жұмылдырылады.
Айта кетері, Gakku Dauysy-2022 фестивалі қала күнін мерекелеу аясында Алматыдағы "Астана" алаңында өтті.