Қазақстанда дәрігерлерді сақтандыру ұсынылды: жарнаның мөлшері айтылды

Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізілген жағдайда жарнаның көлемі қанша болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілісте таныстырылған заң жобасы бойынша елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Соның есебінен зардап шеккен пациенттерге өтемақы төленеді.
Келесі жылдан бастап жұмыс беруші ғана медицина қызметкерлерінің жарнасын төлейді деген жоспар бар. Артынан дәрігерлердің өздері де ақша аударады. Осылайша, ортақ жауапкершілік болады.
"Ал ортақ жауапкершілік дегеніміз, ол 50/50, мысалы, біздің есебіміз бойынша медбике жылына 12 мың төлейді. Соның жартысын медициналық ұйым аударса, қалған 6 мың теңгені өзі аударады. Ал нейрохирургтар мен кардиохирургтардың жылдық жарнасы 70 мың теңгеге дейін жетеді. Оның жартысын да аурахана төлейді. Оны 2025 жылдан бастап енгіземіз деген жоспар бар", - деді Ғиният.
Осы заң жобасы аясында дәрігерлердің қателігі үшін қылмыстық жазаны жеңілдетуді де ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шаралары - денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайтау, денсаулығына ауыр зиян келген немесе пациент қайтыс болған жағдайда бас бостандығын айыру жазасының мерзімін қайта қарап, бас бостандығын шектеуге ауыстыру бастамасы көтерілді.