Өңірлер

Павлодар облысындағы жол апаты: зардап шеккендердің жағдайы қалай

Sputnik
ПАВЛОДАР, 19 қыркүйек – Sputnik. Қалқаман ауылының маңында болған жол апатынан зардап шеккен тоғыз адам Павлодар ауруханаларына жеткізілді, деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, төрт бала бүгін сағат 02.50-де облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне түскен. Оларды кезекші травматолог пен ЛОР дәрігері қараған.
Ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы орташа ауыр. Барлық қажетті емдеу-диагностикалық шарасы жүргізіліп жатыр. Әзірге жүргізушінің жағдайы туралы мәлімет жоқ. Ол ауруханаға жатқызылмаған.
Павлодар облысының полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Noah (минивэн) көлігінде болған жолаушылардың барлығы (алты бала мен бес ересек адам) туыстар. Өскемен тұрғындары Астанадан қайтып келе жатқан. Жолда 31 жастағы жүргізуші тізгінге ие бола алмай, көлікті жол жиегіне аударылып кеткен.
Sputnik Қазақстан бұған дейін хабарлағандай, бүгін Қалқаман ауылының маңында ірі жол апаты болған жерге үш "жедел жәрдем" бригадасы жөнелтілді.
Өкінішке қарай, дәрігерлер келгенше 6 және 14 жастағы екі бала қайтыс болды. Зардап шеккен тағы 9 адамға – бір жастан 12 жасқа дейінгі төрт бала мен 31 мен 66 жас аралығындағы бес ересек адамға оқиға орнында жедел көмек көрсетілді.