ПАВЛОДАР, 19 қыркүйек – Sputnik. Дүйсенбіде Қалқаман ауылының маңында ірі жол апаты болған жерге үш "жедел жәрдем" бригадасы жөнелтілді, деп хабарлады Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.
103 басқару пультіне хабарлама бүгін түнгі сағат 00.29-да түскен. Оқиға орнына үш жедел жәрдем көлігі мен апат медицинасы орталығының бір бригадасы жіберілген.
Оқиға орнына бірінші болып Қалқаман ауылының жедел жәрдем бригадасы жеткен.
"Өкінішке қарай, дәрігерлер келгенше 6 және 14 жастағы екі бала қайтыс болды. Зардап шеккен тағы 9 адамға – бір жастан 12 жасқа дейінгі төрт бала мен 31 мен 66 жас аралығындағы бес ересек адамға оқиға орнында жедел көмек көрсетілді", - делінген хабарламада.
Осыдан кейін түрлі дене жарақатын алған балалар облыстық балалар ауруханасына, ал ересектер Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді. Екі аурухананың жедел жәрдем қызметіне науқастардың көптігі туралы алдын ала хабарланған.
Жол жиегіне құлап кеткен автобус елордадан Өскеменге бет алғаны белгілі болды.