АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды ұсынды. Бүгін мәжілісте арнайы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі жоспарға сәйкес, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру полисі көлік жүргізушілерінің міндетті сақтандыру жүйесіне ұқсайтын болады. Пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, өтемақы төленеді.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан анықтамалық материалдарға сәйкес, бүгінде өтемақының көлемі де есептелді.
Олар:
өлім үшін 1000 АЕК (3 180 000 теңге);
мүгедектік алғаны үшін I топ – 800 АЕК (2 544 000 теңге),
II топ – 600 АЕК (1 908 000 теңге),
III топ - 500 АЕК (1 590 000 теңге); – мертігу мен жарақат алу бойынша амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге - 300 АЕК (954 000 теңге);
Министрлік мамандары медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесінің жалпы бюджетін де есептеп шықты. Егер базалық тариф болса, бір жылда 11,6 млрд теңге жиналады. Ал ең төмен тарифпен 4,7 млрд теңге болады. Соның есебінен өтемақы төленеді.
"Болжамды бюджет медициналық-санитарлық алғашқы көмек үшін бір медициналық ұйымға орта есеппен, шамамен, 3 млн теңгені, стационарлар үшін жылына шамамен 6 млн теңгені құрайды. Сақтандыру жарнасының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіш көлемінде тәуекел дәрежесіне, бейіндік бағытқа және жалақыға қарай бекітілген актуарлық есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалатын болады", - деді министр Ажар Ғиният мәжілісте өткен отырыста.
Қазіргі жоспарға сәйкес, келесі жылдан бастап жұмыс беруші сақтандыру жарналарын аударса, артынан медицина қызметкерлері де төлейді. Сонда ортақ жауапкершілік болады.