НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Бүгін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев жұма намазын оқу үшін астананың бас мешітіне барды.
Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
Сондай-ақ Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің құрметті қонағы "Әл-Азһар" университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебті қарсы алды.
Айта кетері, бүгін, 16 қыркүйекте парламенттің қос палатасы Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы Астана атауын қайтару туралы конституциялық түзетуді қолдап, заң қабылдады. Енді оған президент қол қоюға тиіс.
Еске салсақ, 2019 жылы қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Астана атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілген болатын.
Ал биыл 2 қыркүйекте мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері елордаға бұрынғы атауын қайтару туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысы да олардың ұсынысымен келісті.