Алматыда Дубайға алтын тасымалдамақ болғандар ұсталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Алматы халықаралық әуежайында Біріккен Араб Әмірліктеріне бағалы металдарды заңсыз әкетуге тырысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Топ мүшелері көлік полициясының лауазымды тұлғаларына пара беру арқылы мемлекеттік бақылауды айналып өтуді көздеді. Осылайша, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкеріне кедендік және шекаралық бақылау аймағы арқылы "сәлемдемені" алып өткені үшін 600 АҚШ доллары сомасында пара беру кезінде Қазақстан азаматы ұсталды. Одан 1200 АҚШ доллары тәркіленді.
Ал алтынды Дубайға жеткізу міндеті Қытай азаматына жүктелген. Ол әуежай ғимаратында ұсталды. Оның сөмкесінен салмағы 3 келі 200 грамм болатын алтын құймалары шықты. Жүктің құны 84 миллион теңгеден асады.
"Тергеу сотының санкциясымен Қазақстан азаматының тұрғылықты жері - Алматыдағы коттедждердің бірінде тінту жүргізілді. Онда құймалардағы алтын мен металдың мөлшерін анықтайтын электрондық таразы мен арнайы құрылғылар тәркіленді", - дейді полицейлер.
Қазіргі уақытта күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамау мәселесі қаралып жатыр. Тергеушілер қымбат металдың шыққан жерін және қылмыстық топтың басқа да мүшелерін анықтауға кірісті.