НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында созылмалы вирусты гепатит В-нің 88 жағдайы тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 63-ті құраған. Сырқаттанушылық шамамен 1,5 есеге өскен, деп хабарлайды санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Ведомство мәліметінше, 61 адам вирусты тіс дәрігеріне барған кезде жұқтырған. Ал қалған сырқттанушылар шаштараз бен сұлулық салондарында жұқтыруы мүмкін.
"Сұлулық салондарында, шаштараздарда зарарсыздандыру тәртібі бұзылған жағдайда гепатитпен ауыру қаупі бар. Маникюр, педикюр, пирсинг, тату жасау, қырыну, құлақ тесу кезінде қолданыстағы заттардың стерилизациядан өткендігіне аса мән беру қажет", - дейді мамандар.
Мамандар шеберден құралдардың өңделгенін не өңделмегенін алдын ала білуді ұсынады, оны стерилизацияның тиісті журналынан қарауға болады.
"Мысалы салонға алғаш рет келгенде, құралдардың қалай зарарсыздандырылғанын көрсетуді, маникюр жасау уақытында гепатиттен қандай қорғаныс бар екенін кезең-кезеңімен түсіндіруді сұраудан қысылмаңыз. Косметикалық қызметтер (маникюр, педикюр, пирсинг, пилинг, тату жасау және басқалар) кезінде кемінде үш жиынтық қолданылуы шарт. Егер сізге зақым келсе, дер кезінде антисептикті пайдаланған жөн", - дейді ведомство қызметкерлері.