Біз заман сынағына төтеп беріп, жақсы әлем құра аламыз – БҰҰ бас хатшысы

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидері съезінің қатысушыларына бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол әлемді соғыс пен қақтығыс, экологиялық дағдарыс, аштық пен кедейшілік жайлағанын айтты.

"Діни айырмашылықтар негізінде жеккөрінушілік пікірлер мен кемсітушілік белең алған. Мен діни көшбасшылардан өз қауымындағы мейірімділікті көтермелеп, ксенофобия, нәсілшілдік, толеранттылықты бұзудың барлық нормасын айыптауды сұраймын. Біз қиын-қыстау сәтте бір отбасыдай бірігіп, қазіргі заманның сынағына төтеп беріп, баршамыз үшін жақсы әлем құра аламыз", - деді Гутерриш бейнеүндеуінде.

Ол дін лидерлерінің БҰҰ ортақ құндылықтарын ілгерілету жолындағы жұмысын қатты бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ БҰҰ бас хатшысы Қазақстан үкіметіне мемлекет қайраткерлері мен дін лидерлерінің басын қосқан съезді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетері, елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Шараға елу елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген. Діни форумға арнайы қонақ ретінде Рим папасы Франциск шақырылды.
Израильдің бас раввині коронавирус адамзатқа не үйреткенін айтты