Қоғам

Полицейді капотқа "отырғызған" көлік жүргізушісі бес жылға сотталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысында көлік жүргізушісі полицияның заңды талабына бағынбай, тәртіп сақшысын капотқа "отырғызып" жүргені үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға Щучинск қаласында болған. Полиция департаментінің хабарлауынша, "Мазда 626" маркалы көліктің жүрісі күдікті болып көрінді. Патрульдік полиция қызметкерлері артынан ілесіп, тоқтауға сигнал берген. Бірақ көлік иесі, керісінше, жылдамдықты арттырып, " Петропавл – Нұр-Сұлтан" республикалық тас жолына шығуға тырысты.
Полицейлер басқа экипаждарға хабар беріп, көшелерді жапты. Осыдан кейін тәртіп бұзушы тоқтауға мәжбүр болды. Инспектор оған барып, құжат көрсетуді талап етті. Бірақ ер адам полицейдің талабына бағынбады, есікті ішінен жауып алды.
"Ал тәртіп сақшысының есікті ашуға тырысып жатқанын көріп, алға қарай жүре бастады, жылдамдықты да арттырды. Сол кезде көлікті алдында бір полицей тұрған. Көлік жүргізушісі оны капотқа түскеніне қарамай, 50 метрдей жүріп өтті. Сот-медициналық сараптама бойынша полицей жеңіл жарақат алды", - дейді полицейлер.
Осы оқиғадан кейін бірнеше бап бойынша іс қозғалды. Ұсталған ер адам өз кінәсін ішінара мойындады. Мас болғанын және жауапкершіліктен қашқанын айтты.
Бурабай аудандық соттың шешімімен көлік жүргізушісі бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.